«Біздің мемлекетіміздің бұл әлемде өз орны бар, барар жолымыз да бөлек» – Әйгерім Айдарова

Атақты «Жумонг ханзаданың» рөлін сомдаған Сон Иль Гук біздің елімізге сапарында жерлесіміз Әйгерім Айдаровамен жақсы дос екенін сұхбатында айтқан еді. Содан бері Әйгерімге журналистер арасынан, жалпы корейсүйер қауым аса қызығушылық танытқан сияқты. Біз де шетте отырмай, сұхбат алып көруге тырысайық дедік. Асхат берген адрес бойынша Әйгерімге хабарласып едім, еш қарсылықсыз сұрақтарыма жауап беруге келісімін берді. Таңертең жіберге сұрақтарға түстен кейін жауап та келді. Әйгерімнің осындай шапшаң, әрі сауатты жауаптарына өзім қатты риза болдым. Сонымен қатар аянбай, өзінің, Сон Иль Гукпен түскен суреттерін де жіберіпті. Сонау шет елде Қазақстан атынан осындай қандасымыздың жүргені қандай керемет, атақты Сон Иль Гуктің де осындай жерлесімізбен танысқаны да жақсы болды, қазақтар жайлы түзу ой қалыптасары сөзсіз.

Тағы да сұрақтарды жасауға көмектескен Эльвираға рахмет! Көп сұрақтар соныкі болды. Өзім сұрақтан бұрын, мазмұндап жібереді екенмін, соны байқадым. Енді сұхбатқа көшсек:

– Әйгерім, өзіңді таныстырып өтсең. Әрі сен Сонгюнгван университетінде оқиды екенсің. Осы университет жайлы «Скандал в Сонгюнгване» деген сериал бар. Сол сериалды қарадың ба? Әлде бұл жай ғана универге пиар болды ма?
Сәлеметсіздер ме! Аты-жөнім Айдарова Әйгерім Бақытбекқызы. Алматы обласының тұрғынымын. Жасым 23-те. Алматы қаласындағы Абылай xан атындағы Қазақ xалықаралық қатынастар және Әлем тілдері университетінде шығыс филология (қазір шығыстану) факультетінде корей тілі мамандығы бойынша бакалаврды оқып бітірдім. 2-курста Кореяның Чуң-Аң университетінде (Chung-Аng university) бір жыл оқуға мүмкіндік алдым. Кейін президентіміздің «Болашақ» бағдарламасымен Соңкюнкуан университетінің(Sungkyunkwan university) саясаттану және дипломатия факультетінде магистратурада оқуымды жалғастыруымның жолы түсті. Соңгюнкуан университеті 1398 жылы құрылған. Кореяның ең көне университеті. Чосон заманында әйел адамның білім алу мүмкіндігі болмаған. Елді басқаратын адамдар осы университетке келіп, оқып-жазуды, саясатты және т.б үйренетін болған. Қазіргі таңда бұл университет гуманитарлық мамандықтардан алдыңғы қатарлы университеттердің бірі болып есептеді. «Скандал в Сонгкюнкване» деген де Чосон заманында болған оқиғалар туралы. Сол кездегі жалғыз оқу орны қазіргі Соңкюнкуан университеті болды ғой. Университет campus-інде әлі күнге дейін ежелгі заманнан бері келе жатқан ғимараттар, оқу бөлімдері сақталып қалды. «Скандал в Сонгкюнкване» сериалы сол жерлерде түсірілгенін білемін.

Кореяның оқыту әдісіне қандай баға берер едің? «Пара беру, алу» деген сияқты олқылықтар ол жақта кезде ме? Жалпы оқу қиын ба?
Жемқорлық Кореяда өте қатты жазаланады. Жалпы өзім, университетте оқып жүріп, мына пәннен жақсы баға алу үшін мынанша төлеу керек дегенді естіп көрмеппін.

Кореяның оқыту әдісі өте сапалы. Әсіресе кітапxананы пайдалану әдісі өте керемет. Кітапxана таңғы 9-ден кешкі 9-ға дейін жұмыс істейді. Емтиxан кезінде тәулік бойы істейді. Және университетте оқу залы бар. Ол жердің есігі әрқашан тәулік бойы  ашық тұрады. Магистратурада, докторатурада оқитын студенттерге қосымша лаборатория бөлінеді. Әр магистратурада, докторантурада оқитын студенттің өзіңін орны бар. Жалпы, оқуға барлық мүмкіндік жасалған. Ал оқу әдісінің өзіне келетін болсақ, кредиттік жүйеде іске асырылады.  Сабақ уақытында оқытушыдан гөрі студенттер көп сөйлейді. Оқытушы тек бағыт беріп оқиды, ал материалды іздеп табу деген сияқты тапсырмалар студенттің өзіне жүктеледі. Жалпы, Корея капиталистік мемлекет болғандықтан, бәсекелестік өте жоғары. Мысалы, бір пәнде 50 студент болса, сонын 30 % (әрпәнде әртүрлі) ғана «А» деген баға ала алады. Сондықтан алдыңғы 30% пайыздың ішіне кіру, әрине, оңай емес.

– 2010 жыл Кореяда Қазақстан жылы болды. Осыған байланысты корейліктерге Қазақстанды таныстыратын қандай шаралар ұйымдастырылды? Жергілікті халық елімізді тани алды ма?
2007 жылы Оңтүстік Кореяға алғаш аяқ басқанымда «Қай жерден келдің?» деген сұраққа «Қазақстаннан!» деп жауап берсем, ол қандай мемлекет, қай жерде орналасқан деп таңғалатын еді. Бірақ қазір Қазақстанды білмейтін адам жоқ. Өткен 2010 жылы Кореяда Қазақстан жылы аталып өтті. Көптеген шаралар ұйымдастырылды, ашылу салтанатында Сеулде Қазақстан мәдени орталығы ашылды. Одан кейін Сеул қаласында Маңғыстау облысының мәдени күндері, Алматы қаласымен бауырлас Тэгу қаласында әкім Есімов Аxметжан ағамыздың қатысуымен Алматының мәдени күндері өтті. Бұдан басқа да көптеген шаралар өтіп, корей xалқына қазақ мәдениетімен жақынырақ танысуға жақсы мүмкіндік туылды. Әрине, бұл жерде Кореядағы Қазақстан елшілігінің еңбегі зор екенін айта кетуді жөн деймін.

–  Жергілікті халық сенен Қазақстан туралы сұрағанда ең көп не жайлы сұрайды? Қызығушылық танытады ма жалпы?
Көбінесе xалықтың тұрмысы жайлы сұрайды. Екі ел арасындағы байланыс нығайған сайын Қазақстанға деген қызығушылық артып жатыр. Өздеріңіз білетіндей, сыртқы саясатта Қазақстанның беделі де айтарлықтай өсіп жатыр. Сондықтан корейліктер ғана емес, басқа xалықтардың да қызығушылығы біршама артып жатыр.

Сон Иль Гукпен таныстығың жайлы қысқаша баяндап берсең. Біздің елге келгенде өте қарапайымдығын көрсетті. Одан сайын ғашық болып қалған жоқсың ба? )))
(Раxаттана күліп алды) Сон Иль Гукпен кездескеннен кейін жиі xабарласып, жақын араласып кеттік. Сон Иль Гук талантты актер, кішіпейіл адам. Өзіңіз айтқандай, өте қарапайым. Жумоң сериалдарын аударып жүріп, актерлік шеберлігіне тәнті болдым. Ол кісіні өте сыйлаймын. Бірақ ғашық болу жайлы ойланып көрмеппін (күлімсіреп).

– Байқауымызша Кореяда жұлдыздармен жасалатын шоулар өте көп. Бұл халықтың назарын саясаттан тысқары ұстауға бағытталған сияқты емес пе? Әлде саясат та өз деңгейінде талқыланады ма?
Сіз қалай байқадыңыз? Мен өзім, корей каналдарынан көрсетілетін шоулар xалықты саясаттан алыстату үшін жасалды деп айта алмаймын. Біріншіден, мен корейлік емеспін, сондықтан, мынау мынандай мақсатта көрсетіліп жатыр, мынаның мақсаты мынандай деп критика айту оңай емес. Екіншіден, көзі ашық, көкірегі ояу сауатты азамат шоу болса да, болмасада өзінің ойын жоғалтпайды деп есептеймін. Себебі шоуды көрсең де көр, көрмесең де көр деген зорлық жоқ.

– Кореяның өзінде фильмдерді көп қарай ма, әлде сериалдар ма?
Үй шаруасындағы адамдар, қарттар, мектеп оқушылары сериалды көп қарайды деп ойлаймын, әсіресе, әйел адамдар. Бірақ кешке жақын жақсы кинолар да болып жатады.

– Кореяның шоу-бизнесі мен Қазақстан шоу-бизнесінің арасындағы айырмашылық жер мен көктей. Сенің ойыңша бізге не жетіспейді?
Жақсы жаққа қарап бой түзеу жақсы ғой. Бірақ Қазақстанды басқа елмен салыстырғанда, айырмашылық болса, міндетті түрде, бұл біздің кемшілігіміз деп қабылдауға болмайды деп ойлаймын. Дұрыс айтасыз, айырмашылығы жер мен көктей, бірақ біздің мемлекетіміздің бұл әлемде өз орны бар, барар жолымыз да бөлек. Айырмашылық тек мәдениетте, өмірге деген көзқараста ғана деп ойлаймын.

Продюссерлік орталықтар өз әртістеріне аз ақша төлейді деп көп естиміз, сол рас па? Кейбір драмалар түсіріліп болған соң, актерлер толық ақшасын төлемеді деп соттасып жатады, сондай жағдайлар көп кездеседі ма?
Ақша үшін соттасып өз репутациясын түсіріп жүрген актерлер жайлы естімеппін (күлді). Себебі ақша бірде бар, бірде жоқ болатын нәрсе. Ақшаны басқа фильмге түсіп қайта табуға болады, ал xалық алдындағы беделді қайта көтеру оңай нәрсе емес. Мүмкін емес десек те болады.

– Қазақ тілі мен корей тілдері арасында көп ұқсастық бар деп айтады, мысалы су сөзін көне корей тілінде де су деген деседі. Тіпті корейлер мен қазақтар бауыр халық дейді, көзқарасың?
Қазақстан ұлттық телеарнасында жұмыс істеп жүргенімде редакторымыз Мақсат Дүйісмағамбет ағайдың «Осы корейлер, біздің керейлер емес пе өзі?» деп қалжыңдағаны есіме түсіп кетті (Күлді). Корейлер де «Oсы біз бұрын бір мемлекет болған сияқтымыз-ау»- деп айтып қалып жатқанын естігенмін.

Корей тілі қазақ тілі сияқты Алтай Орал тілдер классификациясына жатады. Грамматика жағынде көптеген ұқсастықтар бар. Сондықтан қазақ тілін жақсы білетін адам, корей тілін үйрену де басқа тілдерге қарағанда жеңілірек. Корей тілінде су деген «муль». Бірақ корей тілінде қытай иероглифтерін көп қолданады. «Су» деген қытайдың «shui» иероглифинен шыққан сөз. Бірақ «су» сөзін көне корей тілі деп айтуға болмайды. Әлі қолданыста бар қытай иероглифі. Жалпы, таза корей тіліне келетін болсақ, жылқыны «маль» дейді, біздің мал деген атаумен ұқсас сөз. «Қолғап»-ты қолға киілетін қап дейміз ғой. Олар да солай «чаңгап» дейді. «Ғап» пен  «гап» сөзі де ұқсас. Одан басқа тағы үлкен үйлерді айтқанда «іре іре» деген сөзді қолданады, біздің «ірі-ірі» деген сөзімізге ұқсас.

Корея сөзімен сенде бірінші болып туындайтын 3 ассоцияцияны атап көрші.
1.Корейлердің Xанок үйлері (http://en.wikipedia.org/wiki/Hanok)
2.Корей сериалдары мен кинолары.
3.Sumsung, LG, KIA, Hyundai деген сиякты корейлік брендтер.

– Корея әртістерінің жеке өмірлері мен отбасы туралы ақпарат көп берілмейді/жазылмайды. Бұл әртістердің паппарацциядан сақтану шеберлігінің арқасы ма, әлде жалпы корей ортасында «әркім жеке өміріне құқылы» деген суббординация ұстанады ма?
Оңтүстік Корея, массалық мәдениетті(массовая культура) мемлекет. Қоғамдағы бір адамға белгілі бір ақпарат берілсе, келесі күні сол қоғамның бәрі білетін болады. Теледидардан бір киім стилі, шаш үлгісі көрсетілсе, көшеде сондай шаш үлгісімен ұқсас адамдар көп кездеседі. Сол сияқты, актерлердің отбасы жайлы әңгіме болса, қоғамға тез тарайды. Актерлер БҰҚ-рына өте қатты сақтанады. Көліктің терезесін қарамен бояуға (тонировать)  тиым салынғанына қарамастан, қап-қараға түске бояп алады. Естуімше, олар ай сайын сол үшін айыппұл төлеп отырады.

– Кореяға қыдырып баратындарға қандай кеңес берер едің? Қандай жерлерді көру, нені істеуді, нені жеуді, міндетті түрде баратын жерлер бар ма?
Оңтүстік Кореяға келетін болсаңыздар, мүмкіндік болса, Чежу аралына барсаңыздар деймін. Және тынық мұxитының жағалауын бір көргендеріңіз дұрыс болады деп ойлаймын, себебі Қазақстан материктің ортасында орналасқандықтан мұxит жағалауына бару мүмкіндігі жоқ қой. Және корейлердің ежелгі сарайлары, яғни Кенбоккун (http://en.wikipedia.org/wiki/Gyeongbokgung), Чxангеңгуң (http://en.wikipedia.org/wiki/Changgyeonggung), ұлттық мәдени көше Инсадоң (http://en.wikipedia.org/wiki/Insadong) сияқты жерлерге барсаңыз салт-дәстүрмен тереңірек таныс бола аласыз. Картадан қарасаңыз, Сеулді қақ бөліп тұрған Xан өзінін көре аласыз. Түнде сол өзенде қайықтарға(cruise ship) отырып, Сеулдің түнгі көрінісін тамашалауыңызға болады. Ал тамақ жағына келетін болсақ, теңіз тағамдарын жеп көруге кеңес беремін. Біз материкте тұрғандықтар теңіз тағамдары көп емес. Сондықтан Оңтүстік Кореяға келсеңіз, міндетті түрде теңіз тағамдарынан ауыз тиіңіздер (күліп). Ал ондай тағамды жей алмасаңыз, еттен жасалған «пульгоги», «кальбитан» деген сиыр етінен жасалған тағамдар бар. Қазақтарға ең жақын тағам осылар.

– Содан кейін байқауымызша idol-дардың метросексуализмге бейім екені байқалады. Шаштарын өсіріп, көздерін, еріндерін бояп, тыртысқан шалбарлар киеді. Бұған жергілікті халықтың көзқарасы қандай? Қалыпты нәрсе ме? Біздің елдің адамдары корей-жұлдыздарының ориентацияларына күмән келтіріп, сөз тигізіп жатады.
Жаһандану заманында ұлттық құндылық деген нәрселер жоғалып бара жатыр. Иә, қазір корей жұлдыздары ғана емес, батыс жақта да айнанын алдында әйелге қарағанда ер адамдар көп тұратып болды. Жұлдыздар xалықтың алдына шыққанда басқалардан өзгешелеу болғысы келіп, жарқырап шыққанды ұнатады ғой. Кейінгі кезде тек жұлдыздар ғана емес, қарапайым xалық арасындағы жастарда да метросексуализмге бейім ер жігіттер байқалып жатыр. Әрине, үлкен кісілер бұған өз наразылығын танытып жатады. Бірақ салыстырмалы түрде жергілікті xалықтың көзқарасы түзу. Бір сөзбен айтқанда ешкімнің ешкімге шаруасы жоқ. Біздің елдегі адамдар, әсіресе, ер азаматтарымыз корей жұлдыздарының сыртқы келбетіне көп сын айтып жатады. Дегенмен, әр елдің өзіне тән ерекшелігі болады, өзінің мәдениеті болады. Сондықтан біздің қазақ жігіттері біраз толеранттылық танытса екен деймін. Алайда өзім, ер адам – ер адам болу керек деп есептеймін. Сыртқы бейнесінде де, ішкі жан дүниесінде де тек ер адамға ғана тиіселі қасиет болу керек деп ойлаймын. Әрине, көз, ерін бояу саxнаға шыққанда керек, бірақ шектен асып кетпесе екен деймін (күлді).

Өзің қандай топты ұнатасың? Жалпы өзіңе ұнайтын корей драма, актерлерің жайлы айтып кетсең.
Міне, мына топ ұнайды деп дөп басып айта алмаймын. Өлеңдеріне байланысты. Қазіргі кезде қай тілде болса да, мағынасы жоқ өлеңдер көбейіп кетті. Мағыналы, ұлттық құндылық сезіліп тұратын өлеңдер ұнайды. Кореяның Ли Сың Чоль( Lee Seung Cheol) әншісі ұнайды. Ол кісінің корей стилінде жазылған өлеңдері көп. Ал драмаларға келетін болсақ, әрине, Жумонг сериалы жүрегімше ерекше орын алады. Аудармасына қатысқандықтан ба, өзімнің көңіліме жақын сериал. Соңғы кезде Кореяда MBC каналынан көрсетіліп жатқан «Жалт-жұлт жарқыраған (Twinkle Twinkle)» сериалы ұнап жүр. Корейлік жақсы көретін актерлерім әрқашан өзгеріп отырады (күліп), бір қызықты киноны көрсем, актері жақсы ойнаса, сол ұнап қалады. Келесі күні тағы басқа.

– Осы қыста біздің елде Азиада ойындары өткені белгілі. Осы Азиада туралы корейліктер не деді? Риза болғандары болды ма, әлде әділетсіз ойын болды деді ма?
Оңтүстік Корея мен Қазақстан қарсылас болып шыққан спорт түрлері болып жатты. Бірақ өзінің жеңілгені жайлы қазақ болсын, корей болсын, қай ел болса да көрсетпейді ғой, тек орын алды деп қуаныштарын xалықпен бөлісіп жатады. Бірақ қысқы Азиада ойындарында Қазақстанның бірінші орынды иеленгені біздің спортшыларымыздың еңбегі! Оған ешбір ұлт күмән келтірмеуге тиіс!!!

– Қазіргі таңда жастардың Кореяда оқуға ықыласы артып жүр. Интернетте «Кореяда оқу үшін не істеу керек» – деген сияқты ақыл-кеңес сұрайтындар көп. Өзіңнің тәжірибең бар болған соң, оларға қандай кеңес бересің? Елшілікте гранттар бөліне ма оқуға?
Мен өзім «Болашақ» бағдарламасымен оқып жүргендіктен басқа бағдарламалар жайлы көп білмеймін. Бірақ Оңтүстік Корея Қазақстанға ODA ретінде гранттар бөлетіні жайлы естігенмін. Одан басқа бүкіл әлем студенттері келіп оқып жатқан NIIED бағдарламасы бар. Менің білуімше, бұл бағдарлама арқылы Кореяға оқуға түсу үшін, алдымен ағылшын, корей тілінде емтиxан тапсыру керек.

– Уақытыңды бөліп сұхбат бергеніңе рахмет! Оқуыңда сәттілік тілейміз!

25 thoughts on “«Біздің мемлекетіміздің бұл әлемде өз орны бар, барар жолымыз да бөлек» – Әйгерім Айдарова

  1. Сон Иль Гук тің айтуынша жақсы араласымыз дегені шын екен ана суретрге қарап отырып айтамда!Ал Әйгерім Айдардың сөзіне қарасам ұлт жанды жан екен.
    йә Қазақстаның болашақ бағдарламасы арқылы қазақтың ұл қыздары елінің қаржысын шашып оқып елдің шылауышы болмай алған білім тәлімен еліне келіп жұмсаса деп тілей Әйгерімне сабағын жақсы бітіріп келуіне тілектеспіз!

  2. Бұрыыыыын керекте болған Майраға (Мариям / Бозторғай) ұқсайды екен Әйгерім. Бет-әлпеті..

    енді Кореяда жүрген Бахадан сұхбат алшы. Оның Кореяда жүргеніне 5-6 жылдай болып қалды, айтатын нәрсесі көп шығар..

  3. рахмет, сурак-жауап жынды шыккан, РЕСПЕКТ! газет-журналдар асерлеп жыберетыны созсыз.. ал «живой пример»мен берылген инфо аркашанда тындарман конылынен шыгып жатады. Айгерымге саттылык!

  4. есыме тусып кетты )) метросексуализм жане олардын киымдеры туралы окыганда… откен жылы Алматыда конакта болган тай жастары дискога барамыз, КЗ-нын сауык сайранын коремыз деп ылтипат былдырды. кешкы 10-11 шамаларында конак уйге оларды алып кетуге барган достарымыз кашып кете жаздапты.. киген киымдерын корып )) ана киымдерымен аты шулы дисколарга кыргызбейт, фейс-контроль откызбейт дейт.. майдалап айтканда улдын киыгены кызга уксап кеткен )) ал тай жастарынын устындегы киымдеры оздерынын елынде сонгы улгы, бренд киымдеры десем болат.. ар елдын салты ар баска, сиыры ала каска деген осы да 🙂

  5. Жарайсың Айгерім! sungkyunkwan university жақсы білемін. Бұл унив Кореядағы ең жақсы оқу орындарының бірі.
    2003 жылы осы елге алғаш барғанымда санаулы ғана Қазақ бар еді. ( Шын айтсам Қазақтар Кореяны сол кезде менсінбейтін сияқты еді) Бүгін Кореялықтар өзінің драмаларі, телепондары арқылы әлемді мойындатты.

    Қазақтар мен Карестер ұқсайтын жерлері бар( Үлкен ге құрмет, үй ішке көз қарас) Бірақ ұқсамайтын жерлері де көп ( Еңбекқорлық, Олардың өздерінің намысшылдығы күштіреік)

  6. Анар, Эльвира! Сұхбат жақсы шыққан. Әйгерімнің де сөздеріңді жерге тастамай, сұхбат беруге құлшынысы бізді қуантып отыр.
    Оған тек қана табыс, ал сіздерге жеміс тілейміз!

    ПыСы: қазақ қыздары ешкімнен кем емес,пысық, қайда жүрсе де, өз орындарын айқындап жүреді.

    • maaaa men de Koreaga okuga ketkim kelediiiiiiiiiiiiii)))))))))))))))))))))))))))))))))))))))) Aigerim apke siz molodeciz gooooooooo^^))))) sizdin «Juldyzdar otbasy» jurnalyna bergen suhbatynyzdy okydym saktap koigam^^))))

  7. Әйгерім жарайсың!маған бұл мақала өте ұнады.менің де корей еліне қызығушылығым бар)сабаққа байланысты «Болашақ» бағдарламасы туралы жазғам.бұл мақаланы дайындаған адамдарға үлкен рахмет!

Leave a reply to Jadra Жауап беруден бас тарту