Бақытнұр Бәйтелұлы: “Корей жастары біз барлығын істей аламыз, біз Ұлы халықпыз деген тәрбиемен жетіліп келе жатыр”

Gyeongbokgung

Корея жайлы сол жерде тұрып жатқан жерлестеріміз арқылы танысуды жалғастырамыз. Бұл жолы 5 жылдай уақыт Корей елін мекендеген Бақытнұрмен сұхбатты ұсынып отырмыз. Бақытнұр қиырда жүрсе де қазақ интернетіне үлкен еңбегі сіңген адам. Тұңғыштардың бірі болып, қазақша блог жазу үрдісін бастады, әрі бұрынырақта ұлттық портал “Мәссағанның” админі. Алтын уақытын бөліп, сұхбат бергеніне рахмет!

Осы жолы да дүйім сұрақтардың авторы Эльвираға үлкен алғыс. Сұрақтар біршама көп болды )) қысқартайын десем, бәрі маңызды сияқты. Сол себепті жауап беруші Бақытнұрды да шаршатпайық, оқырмандарға да оқуға оңай болсын деп сұхбатты 3 бөлікке бөлейік деп шештім. Біраз уақыттан соң сұхбаттың жалғасы да шығады. Әзірге бірінші бөлімі.

Өзің жайлы:
Бақытнұр, өзіңді таныстырып өтсең. Кореяға қай жылы келдің, қандай мақсатпен? Қазір қай қалада тұрып жатырсың? Бұл қалада тұрып жатқаныңа көп болды ма?
Корей еліне келгелі 5 жылдай уақыт болып қалды, алғашында магистрантураға келгенмін. Оқу біткесін мамандығым бойынша осында жұмыстап қалдым. Жұмыс орныма байланысты соңғы 3 жылдан бері Сувон деген қаласында тұрамыз.

Корея жайлы:
Неге Кореяны таңдадың? Бұл ел несімен ұнайды? Сүйкімсіз тұстары бар ма?
Кореяда ол кезде Жанарбек деген досым оқитын. Ол осында келіп оқы, техникалық саласы өте дамыған ел әрі білім сапасы да жақсы, техникалық мамандыққа арнайы грант та табылады дегесін оның нұскауы бойынша университеттерге материалымды жібергенмін. Сонымен университет қабылдады.

Әрине Корея қатты ұнайды, әсіресе адамдарының қатынасы, халыққа қызмет көрсетуі, білім сапасы мен денсаулық саласы, автоматтандыру жүйесі өте жоғары деңгейде. Сүйкімсіз деуге де келе бермейді, бірақ тамағы алғаш келген адамға еш ұнамауы мүмкін. Жүре келе оған да үйренеді адам.

Кореяны қауіпсіз ел деп білеміз. Расында солай ма? Егер рас болса, бұл қандай факторлардан шығып отыр: адамдардың мәдениеттілігі мен саналылығы ма, әлде заңның қаталдығынан ба? Онда түрмелер де аз шығар?
Мүлдем қауіпсіз ел деуге келмейді, бірақ көшеде қатты сөйлесіп немесе жұлқыласып, төбелесіп жатқан адамды кездестіре алмаймыз. Түн ортасында мектептен немесе сабақтан тыс оқулардан қайтып бара жатқан оқушыларды көп кездестіреміз. Бұл мүмкін біріншіден халықтың наным-сеніміне байланысты шығар. Екіншіден сол мәдениеттілігі мен саналығында. Бірақ теледидардан түрлі қорқынышты жағдайларды көрсетіп жатады. Түрмелер жайында еш нәрсе білмедім.

Жалпы Кореяда өмір сүру сапасы туралы не айтар едің? Бұрын бірнеше жыл Үндістанда тұрдың, екі елде салыстырар болсаң қандай айырмашылықтар бар?
Дамыған ел болғасын өмір сүру өте жоғары деңгейде. Бұл жоғарыдағы айтылған білім сапасы, денсаулық саласының жетілуі, инфрақұрылым мен автоматтандыру жүйесінің дамуы, заңның қаталдығы, бәрінен бұрын жүйелі мемлекеттік бағдарлама дұрыс жолмен жүзеге асатындығында шығар.

Үндістан өте үлкен ел, әрі дамушы мемлекеттер қатарына кіретіндіктен Кореямен салыстыруға еш келмейди. Үндістанның аяғынан үнеми тартып отырған факторлардың бірі – парақорлық. Сондықтан да мемлекеттік бағдарлама дұрыс жүзеге асырылмайды. Әркім өзінің жеке амбициясын ойлайды да мемлекеттік қаражат дұрыс орындарға жұмсалмайды. Бірақ Мемлекет басына келген елін ойлаған лидерлердің арқасында ол елде қатты озгеріс үстінде. Мүмкин 10-20 жылдан кейін оны да Корея сияқты дамыған елдер қатарынан көре алатын шығармыз.

Ал Кореяда қолдан қолға ұстататын парақорлық атымен болмайды. Үлкен істерде сыбайластық, парақорлық болды деп ұсталған азаматтарды теледидардан әшекерлеп жатады. Егер білінсе ол ұят, әрі жүктейтін жауапкершілігі де мол. Мысалы өткен жылы Министрдің қызы ешбір емтихансыз министрлікке (мемлекеттік органға) жұмысқа тұрғандығы білінгендіктен, Министр өз еркімен жұмысын босатқан еді.

Егер президент болсаң, Кореяның қандай үш ерекшелігін Қазақстан жерінде дамытар едің? Бұл технология, бизнес, ас үй, тағы да басқа нәрселер болуы мүмкін.
Демократиялық қоғамда жеке азамат ретінде де мемлекетке талап қою арқылы жақсы идеяларды орындатуға болады ғой. Кореядан үлгі алар жеріміз көп. Ең бастылары:

– Парақорлықты жою

– Бюрократизмды азайтып және халыққа қызмет көрсету орталықтарының қызметін жақсарту. Мысалы оны автоматтандыру жүйесі арқылы шешуге болады. Мысалы Кореяда бір ғана орталық системаны қолданады. Егер банкке, емханаға, мемлекеттік органдарға немесе т.б қызмет көрсету орталығына барғанда жеке куәлік нөміріңізді көрсетсеңіз болғаны. Ол жерге өзіне қажетті сіз туралы мәлімет көрініп тұрады. Сондықтан да әрбір терезеден бір бір анкета толырып беріп тұру, және бір анкетаны тағы бір жерге барғанда қайта толтырып беру қажет емес.

– Халықтың Отан сүйгіштігін арттыру. 1988 жылғы Сеулде өткен жазғы Олимпиададан бұрын Корей халқы өздерін төмен санап келген екен. Корей тілін үйренетін шетелдіктер де жоқтың қасы. Олимпиада өткесін корейлер де оздерінің жұмылып көп нәрсе жасай алатынына сене бастайды. Отансүйгіш сезімдері де артқан екен. Экономикасы да күрт жақсарады. 2002 Футболдан Әлем Чемпионаты өткесін олар оздерін тіпті Ұлы сезіне бастайды. Ал қазіргі жастары біз барлығын істей аламыз, біз Ұлы халықпыз деген тәрбиемен жетіліп келе жатыр.

Жұмысың жайлы:
Жұмыс визасын алу қиын ба?
IT маманы болып Кореяның ірі компанияларының бірінде жұмыс істейсің. Корейліктердің өзіне мұндай жұмысқа іліну қиынның қиыны шығар. Жұмысқа қалай орналастың?
Қазақстанда шет елден келген азаматтардың айлығы жергілікті халықтың айлығына қарағанда көбірек деп ел үнемі шулайды. Кореяда бұл жағдай өзгеше ме?
Әр мезгіл компаниялар таныстыру қағаздарын ұстатып, бос орындарды университетке келіп жариялап кетеді. Осындай кезде қазіргі жұмыс орныма анкетамды жіберіп, емтихан тапсырғанмын. Қабыл алды. Егер жұмыс орнынан шақыру берсе жұмыс визасын алу қиын емес. Жалақы мөлшері ұлтына емес, мәнсабы мен шығарған табысына байланысты болады.

Әріптестеріңнің арасында Орталық Азиялықтар бар ма?
Орта Азиялыктар бар, кобеип келеди.

Жұмыста көбіне қай тілде сөйлесесіңдер: ағылшын/корей?
Корей тілінің ең қиын жері, сыпайы тілдің қолданысы. Адамға сыпайы сөйлеудің де корей тілінде 3-4 түрі бар.
Әріптеcтерім арасында өзім шамаластармен корей-ағылшынша аралас, ал менен үлкендерге ағылшынша сөйлесемін көбінесе. Себебі қате жіберсем озім шамаластар немесе менен кішілер күледі, ал үлкендерге сый көрсетпей сөйлеп қалу дөрекі көрінеді.

Қанша жетік білемін десең де екі тіл де сен үшін бөтен, жұмыс процессін түсіну қиынға соқпай ма?
Көбінесе документтер корей тілінде жүреді. Корейше болғанда түсинбей қалатын кездер болады. Жанымдағы әріптестерім үнемі аударуға көмектесіп отырады. Ал глобал компания ретінде көп нәрсе өзгеріп келеди. Ағылшыншаға аса көп мән беруде қазір.

Орта Азиялықтардың Кореяға көбіне құрылысшы болып баратындары бар. Барғандардың көбі ол жақта аз ақша төленіп, үлкен талаптар қойылғанын айтып келеді. Бұл тек құрылыс саласындағы жағдай ма, әлде жалпы Корей менеджментінің жұмыс істеу принципі ме?
Бұл жерде система – жоғарыдан төменге бұйрық қою, талап қою арқылы орындату, кішісі үлкенге, жұмысшысы басшыға мойынсыну. Тәртіп пен принципті орындамаған адам үшін жұмыс істеу қиын. Конфуций ілімінен негізделген корей дәстүрі солай.

Кореяда жылдық демалыс қанша күн?
Мемлекеттік органдарда қанша екенін білмедім, ал бізде демалыс күніміз жылдық 15 күн. Әрбір жыл өткен сайын 1 күн демалыс қосылып отырады.

Кореяда өмір сүру туралы:
Кореяда өмір сүру үшін ең идеал қала деп қай қаланы айтар едің және неліктен?
Қазақстанмен (Моңғолия) салыстырғанда Кореяда өмір сүру қымбат па? Мысалға не қымбат, не арзан екенін айта аласың ба?
Корея жері кішкене болғасын қалаларының дамуы да біркелкі деуге болады. Бір-бірінен көп кем, не артық емес. Ең ұзақ екі қаласының арасына 6 сағаттық жол жүріледі. Ал өмір сүргенге қолайлы қала қазіргі біз тұрған Сувон қаласы ма деп ойлаймын. Халқы 1 миллиондай болғасын аз халқы бар қала қатарына кіреді. Транспорт, қозғалыс та көп емес. Сеулден 30 минуттык жер.
Жалпы өмір сүру қымбаттау. Халықтың табысы мол болғасын солай болатын шығар. Машина, техника мен электроникалық заттар бұл жерде Қазақстан, Моңғолиямен салыстырғанда едәуір арзан.

Корея тағамдарына тез үйрендің ба? Отбасың корейдің қай тамағын ұнатады?
Алғашында кимчи қосылған ашты тамақтар өте қиын еді, соңында үйреніп алдық. Тіпті кейде жемей қалсақ іздеп барып жейтін болдық. Отбасымызбен жиі арзан әрі жеңіл кимчи қосылған сорпа, “кимчи чиге” жеуге барамыз.

(жалғасы бар)

23 thoughts on “Бақытнұр Бәйтелұлы: “Корей жастары біз барлығын істей аламыз, біз Ұлы халықпыз деген тәрбиемен жетіліп келе жатыр”

  1. “Бір ғана орталық системаны қолдану” – Қазақстанда бастамасы бар, тек оған уақыт қажет, ертен РНН, СИК, мед/қ карта ұстап жүрудің қажеті шамалы болады

  2. хехе, Бахаға 50-ден аса сұрақ қоя аламын деп алдын ала ескерттім ғой )) Баха – жауаптарыңа, Анар – блогыңдағы эфир уақытың үшін рахмет! Сұрақтарымның көбіне жауап алғаныма қуаныштымын.

    btw, Баханың өте жақсы фотограф екенін естеріңізге салғым келеді. Сұхбаты әдемі (берген жауаптарымен сыбайлас) суреттермен көркемделсе деген тілегіміз тағы бар.

  3. Иә,қазақ ғаламторына Бақытнұрдың сіңірген еңбегі орасан. Сұхбаттың басында айтып өткендей, “Мәссаған” арқылы қаншама үлкен-кіші ғаламтор бетіне “ағылғанын” жаңылыспай айтуға болады. Блогшыларға да бағыт-бағдар бере білді. Сұхбатыңның жалғасын күтеміз,Анар! Соңғы жылдары Бақытнұрдың блогы үнсіз, үміт үзбей, жаңарып па екен деген оймен анда-санда қарап жүретінмін, енді мына сұхбатты көріп,Корей еліндегі тыныс-тіршіліктен хабардар болып қуанып жатырмын. “Кимчи жеуге іздеп барамыз” деген сөздер күнделікті көріп жүрген корей сериалдарын еске түсіреді екен, дастарханда басында отырған отбасы мүшелері дайындаған адамға “бүгін кимчиіңіз дәмді болыпты” деп сыпайы түрде алғыстарын жаудырып жатады ғой…:)

  4. Күшті! Алдын бір кәріс танысым Оңт. Кореяда онша емес тұрмыс салты деген еді. Қазір Бақытнұрдың сөздерінен кейін “басе” дедім.🙂 Осы елге әйтеуір бір бару арманымда бар.))
    Бақытнұрдың берген сұқбатына риза болдым, жалғамын күтеміз.

  5. Баханың корейліктердің отан сүйгіштігі туралы айтқаны ойландырды. Біздер Азиаданың деңгейін қанша төмен десек те, көп ақша дұрыс қолданылмаған болса да, кішкентай Азиадамыздың үлкен бір артықшылығы болды. Ол да корейліктердің рухын оятқан әлемдік жарыстар сияқты, көп қазақстандықтардың жүректерінде Отандарына деген сүйіспеншіліктерін оятқан тәрізді. Осындай жарыстар ақша жағынан қаншалықты тиымсыз болса, соншалықты патриоттық сезімді ояту жағынан тиымды әрі дұрыс шешім д/о.

  6. Иә, тамаша, жылы сұхбат болыпты, қараптан қарап кәріс еліне деген махаббатым оянып кетті. Ертеңнен бастап сериалдарын көрейнч)))

  7. Блог иесіне өтініш, оқырманыңыз ретінде сұхбаткерге бірер сұрақ қосуға бола ма? (бәлкім, бұл сұрақтар сұхбаттың келесі бөлімдерінде қамтылған болар…)
    1. “Корейлер иттің етін жеген” деген пікір жиі айтылады? Бұл қаншалықты шындыққа жақын? Әлде әлдекімдердің шығарып жүрген қауесеті ме?
    2. Корейлер әлемдік шоу-бизнеске ұлттық нақыштарымен енуге (бәлкім еніп те үлгерді) талпынып жатқан ел. Бұл құптарлық, әрі бұнысы өз жемісін беріп те жатыр. Дегенмен, әншілері әндеріне ағылшын тілін жиі араластырып жатады. (Америкаға еліктегені болар). Әсіресе, жастардың мұндай қадамдарын, жалпы шоу-бизнеске ақын-жазушылар, зиялы өкілдері қалай қарайды екен?

    • koreiler ittin etin jegen degen soz kaueset emes menin bir jerden okyganym bar edi ittin etin olar emdik maksatta sorpa etip jeidi birak kazirgi kezde jastary mundai tagamdardy jemeitin korined birak koldanatyndary bar wygar kim bilipti)

      • Менің білуімше біздің кәрістер иттің етін жейді. Онда да кез-келген ит емес қой дим. Қымбат иттердің етін жемейді енді. ))

  8. Сұхбат ұнады.

    Мен біраз сұрақтар жібердім. Оқырмандарға қызық болсын деп.

    Күніне неше сағат жұмыс істейтіні туралы, Карестер өздерін қалай қолдайтыны туралы, -Teamworkтіn қандай маңыздылығы туралы, телефон жасау қанша қиын екені туралы сұраңдар.

    Кәрестер неге мұнша еңбекқор ? Қалай 20 -30 жылда әлемнің ең дамымаған елінен азияның ең дамыған еліне айланды ? (1953 жылы Сеүл қәзіргі Қазақстандағы ең жаман ауылдан жаман болатын, 1990 жылдары азияның ең дамыған елдерің қатарына кірді. 27 жылда) Біз енді 7 жылда қайда боламыз ?

    • Жанарбек, сенің жауаптарыңды естийік та. Қанша айтқанмен Бақытнұрдың Кореяға келуінің да себепкері өзің болдың, Кореяға қоныстаған алғаш қазақтардан болған да өзің.

      Сұрақтарың ұнады. Жауаптарын тағатсыздана күтемін.

      Соңғы үш сұрағыңа менің жауабым:
      1. өйткені намысшыл. + біздердегідей оларда социализм атымен болған емес. Яғни “мемлекет өзіңді де, ұрпағыңды де асырайды” деген түсінік саналарында орын алған емес. Менталитет ерекшелігі десем болар.
      2. Американдық инвестициялардың әсері
      3. Біреу айтқан екен “біз ресейден 20-30 жылдық жалға алынған халықпыз. қайтару мерзімі жақындаған секілді”. Кедендік Одақ туралы айтылған нәрсе еді негізі, бірақ түсінгенге керек жауап осыдан табылар.

  9. Pingback: Бақытнұр Бәйтелұлы: “Корей жастары өте арманшыл келеді” | Корей толқыны

  10. salemetsiz ve? Sizderdin jazhan suhbattariniz magan unadi. Kop rahmet koreya jaili biraz maglumat bilip kaldim. Menin de koreyaga barip koreya jaili zerttep korei tilin uirenu armanim.

  11. Pingback: Бақытнұр Бәйтелұлы: “Корей жастары өте арманшыл келеді” | MASSAGET WORLD

Пікір қалдыру

Fill in your details below or click an icon to log in:

WordPress.com Logo

You are commenting using your WordPress.com account. Log Out / Өзгерту )

Twitter picture

You are commenting using your Twitter account. Log Out / Өзгерту )

Facebook photo

You are commenting using your Facebook account. Log Out / Өзгерту )

Google+ photo

You are commenting using your Google+ account. Log Out / Өзгерту )

Connecting to %s